Алматыда үш адамды қасақана қаққан көлік нөмірі бұған дейін де бір іске қатысты болған

Бұған дейін хабарлағанымыздай , 26 тамызда таңғы сағат 5-те Алматы қаласының Гагарин көшесінде арада болған жанжалдан кейін бір тараптың өкілдері өз қарсыластарын автомобильмен қасақана қағып, қылмыс орнынан бой тасалаған. Видео әлеуметтік желіде тарады.
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы көлік қаққан адамдардың жағдайы туралы айтса, полиция көліктердің екеуі де табылып, арнайы автотұраққа жеткізілгенін мәлімдеді.
Тергеу басқармасының мәліметінше, ақ түсті «Toyota Camry» және қара түсті «Toyota Avensis» көліктері айғақ ретінде алынып, ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
Айта кетерлігі, 26 тамыз күні орын алған оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде тараған. Видеода жігіттердің бірінің қолына көліктің 664 АВВ 02 мемлекеттік нөмірін қолынан ұстап тұрғанын көруге болады.
Ал «Сот кабинеті» ашық мәліметтер базасында дәл осы мемлекеттік нөмірдің иесіне қатысты 2017 жылдың күз айында басқа іс бойынша сот қаулысы жария етілген. Ол кезде бір азамат мемлекеттік нөмірі 664 АВВ 02 «Toyota Avensis» көлігін басқарып келе жатқан кезде жол полициясы қызметкерлерінің қолына түскен.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізуші есірткіге еліткен күйде болған. Сот оны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608 бабы 1 тармағында (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) көзделген әкімшілік құзушылықты жасаған деп танып, 3 жылға көлік басқару құқығынан айырған.
Бір қызығы аталған құжатта сотқа белгісіз жағдайда көлік иесінің жүргізуші куәлігі тәркіленбегендігі және оның қайда жатқаны белгісіз екендігі жазылған.
Бүгін күдіктілердің анасы олардың мұндай қадамға өздерін қорғау үшін барғанын алға тартты. Күдіктілердің анасы Нәзира Әлікееваның айтуынша, ұлдары Жандос пен Дінмұхамед кафеге туысқандарының туған күніне барған.
«Мен өз ұлдарымды білемін ғой. Олар ақ көңіл, адамгершілігі мол балалар. Әрине, жас болған соң қызу қандылық болар, бірақ ерсіз қылық, оғаш мінез көрсеткен емес. Сол түні олар туған күнге барған. Балаларыма 13 еркек өздері келіп тиіскен. Ерегестің себебі, қыздар болу мүмкін, бірақ ол туралы анық айта алмаймын. Десекте, олар өздерін қорғағысы келген. Менің балаларым олардан бақандай 10-15 жас кіші. Ұрып соғуды солар бастаған. Егер қатты зардап шексе, жәбірленуші болса, онда неге полицияға әлі арыз түсірмеген. Мен ақиқатын анықтауға бар күшімді саламын»,- дейді күдіктілердің анасы Назира Әлікеева.
ҚазАқпарат Назира Әлікеевадан бұған дейін ұлының жүргізуші куәлігінен айырылған не айырмағандығын сұрап жүгінген еді. Алайда ол адвокатсыз тілдесуге ниеті жоқ екендігін айтты.
Жалпы бұл оқиға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа жетіп, ол оқиғаға қатысты пікір білдірген еді.
«Бұл жерде бірнеше бап бойынша қарастырылады. Біріншіден, жіктелуі бойынша көлікті мас күйінде жүргізу бабымен қатар, бұзақылыққа қатысты бап зерттеле келе «кісі өлтіруге әрекет ету» бабына ауыстырылды», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Авторы Еламан Тұрысбеков