Алматыда үш әйел бойжеткенді жезөкшелікке мәжбүрлеген

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда үш әйел 21 жастағы бойжеткенді еркінен тыс жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда үш әйел бойжеткенді жезөкшелікке мәжбүрлеген

Күдіктілер интим бизнесімен айналысып келген. Олардан жәбір көрген бойжеткеннің 1999 жылғы екені анықталды.

«Бізге бойжеткеннің өзі көмек сұрап хабарласты. Ол жалдамалы пәтерден қашып шыққан. Оны еркінен тыс күштеп ұстап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Күдіктілер тез анықталды. Олар 27 жастағы әйелдер болып шықты. Екеуі пәтерде жас қызды күзеткен. Олар қамаудағы қызды қорқытып, ата-анаңа не істеп жатқаныңды айтамыз деген. Қазір үш әйелдің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 308-бабы (жезөкшелікпен айналысуға итермелеу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс ПД Тергеу басқармасында тергеліп жатыр», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.