Алматыда вагон-цистерналардың рельстен шығып кетуі себебі белгілі болды

Естеріңізге сала кетелік, 24 мамыр күні Алматыда 16 сағат 45 минутта Түркісіб ауданының «Жұлдыз» ықшамауданы тұсында жүк пойызының авиациялық керосин толтырылған 5 вагон-цистернасы рельстен шығып кеткен болатын.
«Вагон-цистерналардың шойын жолдан шығып кетуіне рельстердің техникалық жағдайының қанағаттанарлық сипатта болмағандығы себеп болды. ҚР «Теміржол транспорты туралы» заңына сәйкес, жолдардың күтіміне желі иесі жауап береді. Оқиға орнына Алматы-1 темір жол стансасынан өрт сөндірушілері мен рельстерді қалпына келтіруші пойызы жөнелтілді», - деп атап көрсетілген компанияның берген ресми жауабында.
Сонымен қатар, «ҚТЖ»ҰҚ» АҚ бұған дейін де меншік иелеріне қарасты бірқатар кіреберіс теміржолдардың қанағаттанарлықсыз күйде екендігі, соның салдарынан пойыздардың рельстен шығып кетуі мүмкін екендігі туралы желі иелеріне талай рет ескерту жасап, құзыретті органдарға да хабарлаған екен.
Биылғы жылдың басынан бері елімізде меншік иелерінің кіреберіс теміржолдарында жылжымалы құрамның рельстен шығып кетуіне қатысты 81 оқиға тіркеліпті. Солардың ішінде 12 оқиға, Алматы қаласының теміржол желісіне жалғасатын, бірақ ортақ қолданыстағы емес кіреберіс желілерде болған.
Айта кетелік, оқиға орын алған № 673-ші біріктіруші желі «ҚТЖ»ҰҚ» АҚ тиесілі емес. Ол «ППЖТ» ЖШС меншігіндегі желі. Сәйкесінше, бұл шойын жолдағы барлық маневрлік жұмыстарды осы жеке компанияның жұмысшылары атқарады.
Ал рельстен шығып кеткен вагон-цистерналар қайтадан шойын жолға қойылып, қалпына келтірілді. Бір қуанарлығы, зардап шеккендер жоқ және авиациялық керосин төгілмеген.