Алматыда ынтымақтастық форумында қысқы Универсиадаға әзірлік мәселелері талқыланды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 2017 жылы өтетін Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындық барысы аясында отандық өнім өндірушілердің ынтымақтастық форумы өтті. Оған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Универсиаданы ұйымдастыру комитетінің өкілдері, сонымен қатар түрлі салада қызмет атқаратын белгілі қазақстандық компаниялардың басшылары қатысты.
None
None

«2017 жылы болатын қысқы Универсиада Алматы қаласын дамытуға жасалған инвестиция болып саналады. Жалпы, қазіргі таңда қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, инвестициялық қолайлы ахуал қалыптастыру, шет елдік туристер легін арттыру үшін осындай әлемдік деңгейдегі спорттық шараларды өткізіп тұру қажет. Ал алдағы қысқы Универсиада барысында Алматы қаласына 2000-нан астам спортшы, 1000-нан астам техникалық мамандар мен төрешілер құрамы және 30 мыңнан астам турист келейін деп отыр. Осы мақсатта қазір маңызды спорт нысандары салынып жатыр. Солардың ішінде 3 және 12 мың орындық мұз ареналарын және 5 мың орындық атлетикалық ауылды айтуға болады. Атлетикалық ауыл Универсиададан кейін студенттер тұратын жатақханаға айналады», - деді Б.Байбек. Сонымен қатар қала басшысы 2016-2020 жылдарға арналған Алматы қаласының даму бағдарламасына сәйкес, оның инфрақұрылымына тың өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. «Алматының әрбір ауданы қаланың орталығы іспеттес болуы керек. Яғни, әрбір ауданның өзіне жеткілікті, толыққанды инфрақұрылымы болуы қажет. Әрбір ауданның тұрғыны қаланың орталығына шапқыламай, өзіне қажетті барлық қызмет түрін өз ауданы аумағында алуы тиіс. Міне, осылайша Алматыда болашақта бірыңғай бір орталық емес, бірнеше белсенділік орталықтары қалыптасатын болады», - деді Б.Байбек.

Соңғы жаңалықтар