12:12, 19 Мамыр 2009 | GMT +5
Алматыда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінің «Жібек жолы» сериялық аталымының 5-ші аймақтық семинары өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Бүкіләлемдік мұра тізімінің «Жібек жолы» сериялық аталымы 5-ші аймақтық семинары басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оны БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды. Мамырдың 23-іне дейін созылатын бұл шараға Жапония, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Үндістан елдерінің құзырлы органдарынан, ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымынан және өзге де шет елдердің бақылаушы сарапшылар қатысуда. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры Карл Байпақовтың айтуынша, Қытай Халық Республикасының идеясы бойынша ұйымдастырылған «Жібек жолы» сериялық аталымының аймақтық семинары бұған дейін 2005-2008 жылдары Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінде өткен. Жалпы аймақтық бұл басқосудың мақсаты - ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілетін тарихи-мәдени мұраларды көрсету. Сондай-ақ бірінші сериялық аталым бойынша енгізілетін «Жібек жолы» ескерткіштері мен оның белгілі бағыттарын іріктеу, әлемдік маңызы бар ескерткіштердің тізімін бекіту және Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізуге арналған өлшемдерді анықтау. Бүгінгі басқосуда әр елдің Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне «Жібек жолы» сериялық аталымы бойынша енгізілетін ескерткіштері көрсетіліп, іріктелген ұсыныстары талқыланады. Сонымен қатар осы аталым бойынша Әлемдік мұраның соңғы бекітілген тізіміне орай Жұмыс тобын құру мәселесі талқыға салынады деп жоспарланып отыр.