Алматыда заңсыз салынған көлік жуу нысаны сүрілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда сот шешімі бойынша заңсыз салынған көлік жуу нысаны сүрілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы қалалық қала құрылысын бақылау басқармасы «Шұғыла» шағын ауданы, Жақсыбаев көшесі, 5 мекенжайындағы ғимарат рұқсат құжаттарынсыз салынғанын хабарлады.


Басқарма меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде көлік жуу қызметін көрсеткен нысан техникалық және авторлық қадағалаусыз, белгіленген тәртіппен сараптамадан өтпеген жобалау-сметалық құжаттамасыз, шаруашылық тәсілмен салынғанын анықтады. Одан бөлек, нысан пайдалануға беру актісінсіз пайдаланылған.


«2022 жылы 7 шілдеде меншік иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабының 1, 321, 323-бөлігі бойынша әкімшілік шаралар қабылданды және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. 17 қыркүйекте басқарма Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотына заңсыз салынып жатқан нысанды бұзу туралы талап арыз жолдады. Ал биылғы 11 қаңтарда Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының шешімімен талап арыз қанағаттандырылды, алайда меншік иесі апелляциялық шағым түсірді. 12 сәуірде қалалық соттың қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Жақында сот шешімін орындау үшін заңсыз нысан мәжбүрлі түрде бұзылды», - деп хабарлады Алматы қалалық қала құрылысын бақылау басқармасының баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар