Алматыда заңсыз жұмыс істеп келген екі ойынхана әшкереленді (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы заңсыз ойынхананы әшкереледі. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз хатшысының айтуынша, сыртынан ешқандай күдік туғызбайтын құмар ойыны орнына кез келген адам кіре бермейді. Есікте көзшелер, ал кіре берісте бейнебақылау жүйесі орнатылған. Осындай бүркемеленудің өзі ойынхананың заңға қайшы әрекет етіп отырғандығын білдірсе керек.

«Тексеру кезінде клубта әкімші лауазымын атқарып отырған екі бойжеткен мен күзет өкілі ойынхана туралы білмейтіндіктерін айтып жалтарды. Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізген соң 42 компьютер, 2 ойын терминалы, 2 лотерея терминалын тәркіледі. Аталған дәйекзаттарды полиция заңсыз ойын бизнесіне қатысты қозғалатын қылмыстық іс материалдарына тіркемек», - деді қалалық ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының басшысы Таңат Назанов.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Алматы полициясы Шаляпин көшесінде заңсыз жұмыс жасап келген онлайн-казиноны әшкерелеген болатын. 20 компьютермен жабдықталған мекеме интернет-клубқа келушілерге қызмет көрсетіп келген.

Бұл дерек бойынша Әуезов аудандық ІІБ қылмыстық іс қозғады. Заңсыз ойын бизнесін жүргізу ҚР жаңа ҚК 307 бабымен реттелетінін айта кету керек.

Соңғы жаңалықтар
telegram