Алматыда жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтеді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 20 сәуірде жалпықалалық сейсможаттығу өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, осы бейсенбі сағат 11:00-де жылына бір мәрте ұйымдастырылатын жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтеді.

Ал, қала ұйымдарында сейсмикалық жаттығулар тоқсан сайын өткізіледі. Бірінші тоқсанда 2,8 мыңнан астамы орындалды.

«Сейсмикалық оқу-жаттығу күні теле және радиоарналар сиреналық қондырғыларды іске қосу арқылы қалалық ескерту жүйесі іске қосылады, «ДАРМЕН» мобильді қосымшасы арқылы push-хабарлама жіберіледі»,- деп хабарлады ведомстводан.

Сонымен қатар, жер сілкінісі кезінде халықтың іс-әрекеті бойынша жадынамалар тарата отырып, сондай-ақ төтенше жағдайына дабыл дорбасы жасақтау бойынша оқыту тренингі өткізіледі.

Сейсмикалық оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – тұрғындарды эвакуациялау жолын, қауіпсіз жерлерді алдын ала анықтап, апат кезінде қажет чемодандарды дайындауы үшін қала тұрғындарының төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыру.

Қалада шартты түрде баспанасыз қалған адамдарғы 384 қабылдау пункті іс жүзінде орналастырылады.

Барлық білім беру, денсаулық сақтау нысандары мен адамдар көп жүретін сауда орталығында эвакуациялау үшін оқу элементтері әзірленеді, онда ТЖД қызметкерлері әдістемелік көмек көрсетіп, жер сілкінісі кезіндегі «10 қарапайым қадам» жадынамасын таратады.

Қауіпсіз орындар – электр желілері мен ғимараттардан алыс орналасқан ашық жерлер.

Алматы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Жыл сайын қалада 200-ге дейін әлсіз, сезілмейтін жер сілкінісі болады.

Бұл ретте күші 2-ден 4 балға дейінгі жер сілкінісі - Алматы үшін фондық режим.

Сейсмология институтының болжам комиссиясының мәліметінше, жыл соңына дейін қалада 7 және одан да көп балдық жер сілкінісі болмайды.

Сондықтан жүргізіліп жатқан қалалық сейсмикалық дайындық жер сілкінісі болады деген болжамға еш қатысы жоқ.

Департамент өкілдері мегаполис тұрғындары мен қонақтарына түсіністікпен қарап, сабыр сақтауды сұрады.


Соңғы жаңалықтар
telegram