Алматыда жалпықалалық сейсможаттығу өтеді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2 желтоқсан күні жалпықалалық сейсможаттығу өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының мәндетін атқарушы Ерлан Әлібеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, осы жұмада сағат 11:00-де Алматыда жоспарлы жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтеді. Ол жылына бір рет ұйымдастырылады.

«Сейсмикалық оқу-жаттығу күні теле және радиоарналар сиреналық қондырғыларды іске қосу арқылы қалалық ескерту жүйесі іске қосылады, «ДАРМЕН» мобильді қосымшасы арқылы push-хабарлама жіберіледі», - деді Ерлан Әлібеков.

Спикердің сөзінше, сейсмикалық оқу-жаттығу бойынша негізгі оқу орны АДК сауда ойын-сауық кешені болып белгіленді, онда шатырлы лагерь, дала асханасы, тамақтану және азық-түлікпен қамтамасыз ететін пункттер, халықты уақытша орнластыру және тіркеу орындары дайындалады.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі азаматтық қорғау қызметінің барлық жеке құрамы адамдарды құтқару және эвакуациялау, қирандылардан зардап шеккендерді шығару, өртті сөндіру, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша іс-шараларды іс жүзінде пысықтайтынын атап өтті.

Сонымен қатар, жер сілкінісі кезінде халықтың іс-әрекеті бойынша жадынамалар тарата отырып, сондай-ақ ТЖ жағдайына дабыл дорбасы жасақтау бойынша оқыту тренингі өткізіледі.

Қалада шартты түрде баспанасыз қалған адамдарғы 384 қабылдау пункті іс жүзінде орналастырылады.

«Сейсмикалық жаттығу суық мезгілде жүргізіліп жатқандықтан, тұрғындарды жылы киініп эвакуациялауды сұраймыз. Сейсмикалық оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – қала тұрғындарының төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыру, тұрғындар эвакуациялау жолдарын, қауіпсіз жерлерді алдын ала анықтап, апаттық чемодандарды дайындау», – дейді спикер.

Сондай-ақ ол мегаполис тұрғындары мен қонақтарына түсіністікпен қарап, сабыр сақтауды сұрады.


Соңғы жаңалықтар