Алматыда жамбасы сынған 80 жастағы кейуанаға сәтті операция жасалды
Клиниканың ортопедия бөлімі меңгерушісі Қанат Тәуекелов кейуананың оң жақ жамбас буынын алмастырып, күрделі ота жасады. Биополярлық эндопротездеу деп аталатын операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде жасалды.
«Буын эндопротезіне арналған заманауи материалдар өте берік болып келеді әрі адам ағзасына тез бейімделеді. Бұл материалдар орта есеппен алғанда 15-20 жыл, көп жағдайда 30 жылға дейін қызмет етеді. Тозған соң эндопротезді жаңасына ауыстыруға болады. Бұл операция 45 минутқа созылды. Пациент екінші күні-ақ отыра бастады, бұл отаның сәтті өткенін білдіреді», - деді дәрігер.
Қазір кейуана реабилитацияның екінші кезеңінен өтіп жатыр.
Орталық клиникалық ауруханың реабилитация бөлімі меңгерушісі Айгүл Төреқұлованың айтуынша, реабилитация роботтандырылған «Локомат» ортопедиялық тренажерының көмегімен жүргізіледі.
«Адам организмі инсульт, ми кемігі мен ми жарақатынан кейін, жамбас, тізе буындарын алмастырған соң жүру қабілетін жоғалтады. Аталған жоғары технологиялық қондырғы оларды жүруге бейімдеп, аяққа тұрғызуға мүмкіндік береді», - деді бөлім меңгерушісі.
Қартайғанда өз бетінше жүріп-тұруға мүмкіндік сыйлаған дәрігерлерге әжей дән риза.
«Жүре алмай қалған соң сарыуайымға салындым. Бір қадам жасаудың өзі мұң болды. Маған осынша қуаныш сыйлаған білікті дәрігерлер мен жаны мейірімге толы медбикелерге айтар алғысым шексіз», - деді апа.
Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әблдаев қазіргі таңда мұндай жоғары технологиялы операциялар ақысы МӘМС арқылы төленетінін атап өтті.
«Қаладағы медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасы мен білікті мамандардың арқасында жамбас пен тізе буындарын алмастыру, жүрекке дифебриллятор қою, бас сүйек ішіндегі артерияларға стент қою, аневризмге шалдыққан тамырға эндоваскулярлық эмболизация жасау сынды тағы да басқа күрделі ота түрлерін жасауға мүмкіндік береді. Олардың құны 1,5-6 млн теңге аралығын құрайды», - деді Тілеухан Әбілдаев.