22:20, 13 Сәуір 2022 | GMT +5
Алматыда жаңа экологиялық автобустар жолға шықты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының қоғамдық көлік паркі газбен жүретін 105 жаңа экологиялық таза және жайлы автобустармен толықты. Жақын арада тағы 45 автобус жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Евро-5» экологиялық класына жататын бұл автобустардың сыйымдылығы - 90 адам. Едені төмен, үш есікті автобустар кондиционермен, бейнебақылау камераларымен, аялдаманы автоматты дауыстық хабарлау құралымен жабдықталған. Сондай-ақ, жүргізушінің шаршағанын тіркейтін тетігі, бейнетіркегіші және пандусы бар.
Жаңа автобустар жолаушылар мейлінше көп жүретін бағыттарда шығарылады.
Жалпы, бірінші жартыжылдықтың соңына дейін қоғамдық көлік паркіне 300 жаңа автобус алынады. Сондай-ақ, биыл 250 газбен жүретін автобусты жеке тасымалдаушы қосымша сатып алады.
Еске сала кетсек, Алматы облысында автобус аударылып, бірнеше адам ауруханаға түскен болатын.