Алматыда Жансая Әбдімәліктің шахмат Академиясының филиалы ашылды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Әйгерім» тұрғын үй кешенінде «Жансая Әбдімәліктің шахмат Академиясының» филиалы ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне шахматтан 12-ші Әлем чемпионы Анатолий Карпов, әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік, Қазақстанның шахмат федерациясының президенті Ғалымжан Есенов, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ Басқарма төрағасы Ғани Өзбеков, Жансаяның ата-анасы Алма мен Данияр Әшіровтер, басқа да ата-аналар мен балалар қатысты.

«Бұл филиалды ашудағы мақсатымыз - Қазақстанның атын шығаратын болашақ чемпиондарды дайындау. Оның үстіне қазір қалада шахматқа деген қызығушылық күннен-күнге артып келеді. 300 балаға шақталған қазіргі академияда бос орын жоқ. Ал шахмат үйренем деушілер көп. Сондықтан, осы филиалды ашуды ұйғардық. Мұнда алдағы уақытта 500-ден астам бала шахматпен айналысатын болады. Қазір қабылдау жүріп жатыр. Біздің филиалда өте білікті отандық және жақын шет елден келген мамандар дәріс береді. Олар тек қана шахматты ғана үйретіп қоймайды, сонымен қатар, балаларды патриоттық рухта тәрбиелейді, ізгілікке, адамгершілікке баулиды», - деді өз сөзінде қыздар арасында төрт дүркін Әлем чемпионы, 16 жастағы Жансая Әбдімәлік.

Айта кетелік, алдағы уақытта бұл филиалда 100-ден астам көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары тегін дәріс алатын болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, болашақта Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясының филиалдары еліміздің басқа да өңірлерінде ашылады.

Бүгінгі филиал «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ және «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен құрылды.

Тағы бір айта кететін жайт, Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубының құрамына енді.

2 3 4 5

Соңғы жаңалықтар
telegram