Алматыда жапондық компания көпдеңгейлік паркингтер жасау бойынша жобаны жүзеге асырмақ ниетте

Іс-сапар барысында қазақстандық делегация Токио қаласының полиция департаментінің Жол қозғалысын басқару орталығында болды. Ондағы мақсат - өзара тәжірибе алмасу және Алматы қаласында да осындай орталық құру.
Одан басқа, тараптар қоғамдық көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін талқылады.
Айта кетелік, Алматы әкімдігінің делегациясы жапондық бизнес-қауымдастықтыққа өздерінің басымдыққа ие инвестициялық жобаларын таныстырды. Солардың ішінде Алматыда жеңілрельстік көлік жүйесі жайлы әңгімеледі.
Одан басқа, қазақстандық тарап бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету жүйесіне және шетелдік инвесторларға берілетін жеңілдіктерге жан-жақты тоқталды.
Кездесу барысында ірі жапондық компаниялар бұл жобаларға қызығушылығын білдіріп, ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екендіктерін айтты.
Мысалы, NH Parking System Co.LTD компаниясы Алматы қаласында автоматтандырылған көпдеңгейлі паркинг жасау бірлескен жобасын ұсынды. Бұл жобаны жүзеге асыру қоғамдық орындар мен тұрғын үйлер маңына автокөлік қою мәселесін шешуге септігін тигізеді.
Одан басқа, жапондық «Tokio Rope» компаниясы Алматыда темір тор өндірісі желісін қолға алмақ ниетте.
«Tokio Rope» - сейсмикалық құрылымдарды нығайтуға арналған металл торларды өндіретін әлемдегі көшбасшы компания.
Ол сонымен қатар, жоғары технологиялық болат арқандар, көпірлерге арналған темір арқандар және күн энергетикасы үшін сымдар жасайды.