Алматыда жарылыс болған колледж мұғалімдеріне қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды

Енді сотталушылар 15 күн ішінде кассациялық тəртіпте арыздана алады.
Маусымның 12-сі күні Алматы Қылмыстық істер бойынша Алмалы аудандық соты 7 айға созылған сот процесіне нүкте қойған болатын.
Сот үкімі бойынша АƏД мұғалімі Ғабит Қарабалаев Қылмыстық Кодекстің екі бабы ҚР ҚК 287 бабының 3 тармағы - қару-жарақты заңсыз сақтап, тапсырғаны жəне ҚР ҚК 104 бабына сəйкес адам өліміне əкелген əрекет жасағаны үшін айыпты деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Айып тағылған екі мұғалім Серік Баймулдин мен Юрий Гавриленкоға қару-жарақты заңсыз сақтағаны үшін əрқайсысына 1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қорғаушылар үкімді жұмсарту үшін апелляциялық шағым түсірген болатын.
Ғабит Қарабалаевтың қорғаушысы Қолғанат Қабанбаева Ғабит Қарабалаевтың əрекеті ҚР ҚК 287-бабында көрсетілген қаруды сақтау тапсыру сияқты əрекеттерді жасамағанын дəлелдеуге тырысты. Қорғаушы ҚР ҚК 104-бабы бойынша айыбын жеңілдетіп, шартты жазаға ауыстыруды ұсынды. Оның айтуынша Қарабалаевтың əскери шені жоқ. Ол əскерде қызмет етпеген.
Сондай-ақ, Гавриленко мен Баймулдиннің қорғаушылары да өз қорғанушыларының əрекетінде қылмыс құрамы жоқтығын дəлелдеуге тырысты.
Ал қаза болған қыз Светлана Яковлеваның анасы Ғабит Қарабалаевты босатып, əскери гранатаны "оқыту гранатасы" деп таныған Юрий Гавриленконы айыпты деп тануын ұсынды.
Мемлекеттік айыптаушы Алмалы аудандық сотының судьясының шығарған үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Айта кетейік, қайғылы жағдай былтыр қараша айында Алматы Сəн жəне дизайн колледжінде орын алған болатын. Алғашқы əскери дайындық пəні кезінде РГД-5 қол гранатасы жарылып кеткен еді.
Төтенше жағдай салдарынан 1 студент қаза болып, 8 студент ауруханаға түскен болатын.