Алматыда жасөспірімдер арасында теннистен Қазақстан біріншілігі өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыда 28 наурыз – 2 сәуір аралығында жасөспірімдер арасында теннистен Қазақстан біріншілігі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, «Эйс» теннис орталығында өтетін додаға еліміз өңірлерінен 100-дей спортшы қатысады.

Жекелей сында негізгі додаға қыздар мен ұлдар арасында 24 ойыншыдан бірден өтеді. Іріктеу сайысынан өткендер төрт жолдамаға ие болады. Оған қоса ұйымдастырушылар тарапынан арнайы шақырту (wild card) алғандар бақ сынайды.

Жұптық сында негізгі жарысқа 13 жұп бірден өтсе, тағы үш дуэт арнайы шақыртумен қатысады.

«Теннис федерациясы ел аумағындағы ең беделді турнирлердің бірі болғандықтан, жасөспірімдер додасына ерекше мән беріп отыр. Алтын жүлде иегерлері ҚР спорт шеберлігіне үміткер атағына ие болады. Сонымен қатар үздік шыққандар Шымкентте сәуірде өтетін ITF World Tennis Tour M15 және W15 жарыстарына арнайы шақырту алады», деді Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры Дэйв Майли.

Жасөспірімдер біріншілігі барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақтала отырып, көрермендерсіз өтеді. Ең қызықты матчтар www.ktf.kz сайтында тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің ATP чемпиондық кестесінде 9-орынға көтерілгенін, М.Кукушкиннің Дубай турнирінің екінші айналымына шыға алмағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар