Алматыда жастар ісі жөніндегі Кеңес құрамы онлайн жүйесі арқылы жасақталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңестің құрамы қайта жасақталады. Кеңестің мүшелігіне үміткерлер онлайн жүйесі арқылы іріктеледі.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында қалалық жастар саясаты мәселелері бойынша Басқарманың жетекшісі Мәркен Ахметов мәлімдеді.

«Іріктеу Жастар саясаты мәселелері бойынша басқарманың сайтында жүргізіледі. Бүгін бұл жүйе іске қосылды. Ал осы аптаның жұмасына қарай, жастар ісі жөніндегі Кеңестің мүшелігіне кімдердің өткендігі белгілі болады» - деді М. Ахметов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 29 жасқа дейінгі 109 жас азамат Кеңес мүшесі болып жұмыс істеуге ниет танытып отыр. Олардың барлығы қаладағы әр түрлі жастар ұйымдарының мүшелері. Ал Кеңестің мүшелігіне тек 30 адам ғана өтеді.

«Бұл 30 адам төрт бағытқа, яғни төрт топқа бөлінеді. Бірінші жұмыс тобы азаматтық патриотизм және жастардың құқықтық мәселесі бағытында жұмыс атқарады. Екінші топ білім, мәдениет, спорт, экология және туризм саласында жұмыс жүргізеді. Үшінші топ ғылым, бөгде ұлттық даму және кәсіпкерлік, ал төртінші топ әлеуметтік және шығармашылық жобаларды жүзеге асырумен айналысады» - деді М. Ахметов.

Айта кетелік, Кеңес аталмыш басқармамен қоян-қолтық жұмыс істейтін болады.

Соңғы жаңалықтар