Алматыда жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Түнектен оралған есімдер» атты төрт томдық кітабының тұсауы кесілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Түнектен оралған есімдер» атты төрт томдық кітабының тұсаукесері өткізілді.
None
None

Оған белгілі қоғам қайраткерлері, тарихшылар, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, БАҚ өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты, - деп хабарлайды Ұлттық кітапхананың баспасөз қызметінен.

Іс-шараны Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов пен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице президенті, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес жүргізді.

«Жазушы Бейбіт Қойшыбаев өткен ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысының көшбасында тұрған, 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргін науқанының құрбандарына айналған Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Мұстафа Шоқаев, Жанша Досмұхамедов, Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов, Дінмұхамед Әділов сынды халқымыздың ондаған аяулы ұлдарының өмірі мен қызметі жайында әр жылдары жазған зерттеу еңбектерін «Түнектен оралған есімдер» атты төрт томдық кітабына топтастырды», - делінген хабарламада.

Айта кетелік, жазушы Бейбіт Қойшыбаев қазақ халқының тарихындағы «ақтаңдақтар» жайында сонау өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында, билік басындағы коммунистік партияның жариялылық және қайта құру саясаты өріс алған шақта қалам тербей бастаған болатын. Ол әсіресе саяси жазаға ұшыраған тарихи тұлғалар тағдырын зерттеп, олардың күрес жолдарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлген қаламгер. Бертін келе, зерттеулерін тереңдетіп, жекелеген қайраткерлер жайында деректі дербес кітаптар шығарды. Бүгінгі төрт томдық еңбегі сол зерттеулерінің заңды жалғасы.

Соңғы жаңалықтар