Алматыда жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімдері жоқ - Жер комиссиясы

Естеріңізге сала кетелік, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерінің берілетіндігі туралы хабарлама жариялаған болатын.
Бұған дейін Алматы әкімдігінің қалада жеке тұрғын үй құрылысы үшін бос жатқан жер телімдерінің жоқ екендігі туралы мәлімдегені белгілі.
«Бірақ, соған қарамастан әкімдікке жер сұрап келіп жатқандардың саны арта түсуде», - дейді қоғамдық кеңестің мүшелері.
Өз сөзінде Алматы қалалық Жер қатынастары Басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алтынбек Ахметов тұрғындар тарапынан 4337 өтінім келіп түскендігін, олардың 45 пайыздан астамы қала тұрғындары емес екендігін айтты. Тіпті әр отбасы мүшелерінен жеке-жеке өтінімдер де келіп түсіп жатыр екен. Өтінімдердің ешқайсысы қабылданбаған.
«Алматыда бос жатқан жер телімдері жоқ. Қазір әлеуметтік желілер арқылы алаяқтардан әр түрлі анонимдік хабарламалар келіп жатыр. Осыған байланысты, тұрғындар сақ болғандары жөн», - деді А. Ахметов.
Ол, сонымен қатар, бүгінгі отырыс аясында екі ұсыныс келіп түскендігін жеткізді.
«Бірінші Алматыда жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімдері жоқ болғандықтан, ол қаланың бас жоспарында қарастырылмаған. Сондықтан, жер берілу туралы арыздар қабылданбайды. Екінші, комиссия жұмысы барысында ақпараттық-насихаттау жұмысы күшейтілетін болады. Сондықтан, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша жұмыс жоспарын жасауымыз керек», - деді С. Мәкежанов.