Алматыда Желтоқсан көтерілісі туралы драмалық жаңа шығарманың таныстырылымы болды

Ақын, драматург Исрайл Сапарбай 26 қараша күні Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында өткен «Қыз мұңы» драмасының премьерасында осылай айтты.
«Мен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде бірінші күні болғанмын. Ол туралы «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген туындымды жаздым. Желтоқсан тақырыбына 25 жыл болды деп жатырмыз ғой, қазір ол жаңалық болудан қалды. Қаншама деректі дүниелер жазылды, қаншама мұрағаттар ақтарылып, табылар. Дегенмен шындық әлі толық ашылмай жатыр. Бұл қойылым соған апаратын бір есіктің ашылуы деп ойлаймын», - дейді шығарма авторы И. Сапарбай.
Онда Алматының арбатында сурет салып отырған Ғазиз деген суретші құрбыларымен қыдырып жүрген бойжеткендердің бірін Желтоқсан көтерілісі кезінде қиындықты басынан бірге өткізген аруға ұқсатады. Кейін оны іздеп жүріп сол бір бейкүнә жанның өліміне себепкер болған капитанмен қайта жолығады. Бұл күнде шені өсіп, генералға айналған ол «бұйрықты орындаушы» екенін айтып ақталады. Шындықтың қайта ашылмауы үшін жанталасып, аласұрады. Автордың айтуынша, қойылым шымылдығының бас кейіпкердің «маған ақиқат керек» деген сөзімен жабылуы кездейсоқ емес. Сол кезде шаш ал десе бас алатын қатігездігімен танылып, сол үшін шен-шекпенге ие болған адамдар әлі күнге дейін билік тұтқасында отыр. Сондықтан Желтоқсан көтерілісі алдағы уақытта да көп айтылып, жазылуға тиіс тақырыптың бірі. «Қазір тал түс болды. Көңілге қорқыныш ұялатқан көлеңкенің жоғалатын кезі келді. Біздің Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 20 жыл болды», - дейді Исрайл Сапарбай.