Алматыда жеңгетайлық жасаған клуб басшысы ұсталды

Ішкі істер департаментіндегілер клубтың қылмыстық қызметін айғақтау үшін бірнеше рет жедел шаралар жүргізілгенін айтады.
«Клубтың иесі мен әкімшілері алдын ала сөз байласу негізінде оңай олжаға қарық болуды көздеп, келушілерге жеңіл жүрісті қыздарды ұсынды деген күдікпен ұсталды. Олар қылмыстық әрекетті әбден ойластыра іске асырған, әрбір фигуранттың бөлек-бөлек атқаратын міндеті болған. Мәселен, «жұмысшы» қызбен өткізетін бір түн үшін 300 доллар алып отырған. Егер клиент өз қалауына қарай апартамент таңдаймын десе, қызмет бағасын өсіріп отырған. Өткен түнде күдіктілер қылмыс үстінде әшкереленіп, ұсталды. Біз барған кезде клубта 22 қыз бар еді, соның үшеуі Ресейдің, екеуі Өзбекстанның азаматшасы», - дейді Алматы қаласы ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Берік Әбілбеков.
Ұсталу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы, 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.