Алматыда жеңгетайлықпен айналысқан Оңтүстік Корея азаматы ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Корея азаматы жалға алған жеке тұрғын үйде шетелдіктер үшін жезөкшелік қызмет түрін ұйымдастырып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Алматыда жеңгетайлықпен айналысқан Оңтүстік Корея азаматы ұсталды

«Кәсіптің» бұл түрімен айналысқан шетелдік азамат 47 жастағы оңтүстіккореялық болып шықты. Өзінің заңсыз қызметін ол караоке-бар арқылы бүркеп келген. Жезөкшелік үшін ол үлкен жеке тұрғын үй жалдаған және онда тек шетелдік «клиенттерге» қызмет көрсетілген. Қыздарға «ақы» шетелдік валюта түрінде алынған.

«Корея азаматы Қазақстан азаматтарымен өте құпия, сақтық шараларын сақтай отырып жұмыс жүргізген. Әрқайсысына жеке-жеке нақты міндет бөлінген. Мәселен, Алматы облысының азаматы ЖШС директоры ретінде тіркеліп, оның заңдық, қаржылық  мәселелерімен айналысса, 51 жастағы Жамбыл облысының азаматы караоке-бардың қауіпсіздік қызметіне жауап берген. Ол барға тек сенімді адамдарды ғана кіргізіп отырған. Мұнда 29 жастағы келіншектің рөлі ерекше. Ол ресми түрде мекеме әкімшісі болып, астыртын, жыныстық қызмет көрсететін қыздарды іріктеп, таңдаумен айналысқан. Бұл топта мекеменің кассирі ретінде тіркелген 20 жастағы қыз да маңызды рөл атқарған. Ол «клиенттермен» есеп айрысып, төлем жүргізуді реттеген. Жеңіл жүрісті қыздардың бағасы 100-300 доллар аралығында болған», - деп хабарлады Алматы қаласы ІІД Ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқарма басшысы Ерлан Оралбеков.

Алматы қаласы ІІД Тергеу басқармасы аталған факт бойынша ҚР ҚК 309-бабының, 2-бөлігі бойынша іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Ұйымдастырушы шетелдік азамат ҚР ҚПК 128-бабына сәйкес, уақытша тергеу изоляторына қамалды.