Алматыда жезөкшелер ордасына айналған тағы бір қонақ үй әшкереленді (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жезөкшелер ордасына айналған тағы бір қонақ үйдің әкімшілігі әшкереленді. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Алматыда жезөкшелер ордасына айналған тағы бір қонақ үй әшкереленді (ФОТО)

Жедел полиция қызметкерлерінің анықтағанындай, «Айнабұлақ» шағын ауданында орналасқан қонақ үйлердің бірінде тән саудасымен екі әйел мен екі еркек айналысып келген. Олар осы қонақ үйдің бір бөлмесін жезөкшелер ордасына айналдырған. 

«Біздің бөлімшенің қызметкерлері шамамен 22 сағат 30 минутта осы қонақ үйде жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 32 және 45 жастағы екі әйел мен 1985 және 1986 жылы туған екі ер азаматты, сондай-ақ, 10 жеңіл жүрісті қыздарды ұстады.

Іс жүргізу барысында тергеу-жедел тобы күдіктілерден 177 мың теңге тәркіледі. Бұл, болжам бойынша қылмыстық жолмен табылған ақшалар. Ұсталған тұлғалардың әрекетіне ҚР Қылмыстық Кодексінің 309-бабы, 2-ші тармағының 1-ші бөлімінде қарастырылған (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) нормалар бойынша баға беріледі», - деді Алматы қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқарма бастығы Ерлан Оралбеков.

Айта кетелік, Алматы полициясының мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық бойынша (ҚР ҚК 309-бабы) - 22 дерек, жезөкшелікпен айналысуға тарту бойынша (ҚР ҚК 308-бабы) - 14 дерек, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту бойынша (ҚР ҚК 134-бабы) - 4 дерек және адам саудасы бойынша (ҚР ҚК 128-бабы) - 2 дерек тіркелді.

null null null null