Алматыда жолдың ортасында шахмат ойнаған пранкерлер 10-15 тәулікке қамалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полицейлері жол бойында шахмат ойнаған пранкерлерді қамауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жолдың ортасында шахмат ойнаған пранкерлер 10-15 тәулікке қамалды

Блогерлер Әкімшілік құқық бұзу кодексінің «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жазаланды.

Істі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарады.

«Сот шешімі бойынша ойыншылардың бірі - 15 тәулікке, екіншісі - 10 тәулікке қамалды. Олар қазір Алматының қабылдау-тарату орнында» деп хабарлады қалалық полиция департаменті.

Сондай-ақ, сот шешімімен құқық бұзушылардың жүріп-тұруына үш ай мерзімге ерекше талап қойылды.

Еске салайық, 7 желтоқсан күні әлеуметтік желіде әл-Фараби даңғылының бойында шахмат ойнап отырған пранкерлердің видеосы тараған болатын.

Сол күні Бостандық аудандық полиция басқармасының басшысы Ұлан Әбілқайыр Facebook желісіндегі парақшасында пранкерлер полицияға жеткізілгенін хабарлады.