Алматыда жүк вагондары жанармай бекеті аумағына құлап, тұрғындар эвакуацияланды
Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінен мәлім еткендей, 101 басқару пультіне сағат 14.20-да Жетісу ауданы Бөкейханов көшесінде жүк вагоны жанар-жағармай бекетіне құлағаны туралы ақпарат келіп түскен.
«Бөкейханов көшесі 21 «Б» мекенжайында орналасқан «ҚазТемірТранс» компаниясының «Станционный» теміржол бөлігінде жүк вагондары рельстен шығып кеткені туралы хабар келіп түсті. №410-шы жолдан екі жүк вагоны Гелиостың №73-ші жанар-жағармай бекеті аумағына құлағаны анықталды. Жүк вагонының бірі бос. Сол бос вагон қазір жанар-жағармай бекетінің бензин мен дизель отыны сақталған жерасты қоймасының үстінде жатыр. Екінші вагонда қара түсті металдар бар. Оқиға орнына жақын маңдағы ескі үйлерден 30 адам эвакуацияланды, оның 5-еуі бала. Аудан босатылды. Вагондарды сүйреп шығару үшін апаттық-қалпына келтіру пойызы шақыртылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оқиға орнына 4 өрт сөндіру көлігі шақыртылды», - делінген хабарламада.
Оқиғаға байланысты аудан әкімінің басшылығымен штаб құрылды. Оның құрамына Алматы қаласы бойынша ТЖД, Теміржол басшылығы, «Гелиос» жанар-жағармай бекеті желісінің өкілдері, ҚР ІІМ ТЖК, Алматы қаласы бойынша құтқару қызметінің өкілдері кірді.
ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір вагондарды қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, жанар-жағармай бекеті аумағынан шығарып алу мәселесі талқылануда.