Алматыда жыл басынан бері 71 мердігерлік компанияға 16 млн. теңге айыппұл салынды
Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Болат Сауранбаев бастаған арнайы жұмыс комиссиясының тіршілікті қамтамасыз ету нысандарына жасаған жоспарлы тексеру рейді барысында Алматы қаласы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Бақытжан Мұхтаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда 16 млн. теңгенің 80 пайызы, яғни шамамен 12 млн теңге мемлекеттің пайдасына өндіріп алынған. Соның ішінде 40 пайызын мердігерлік компаниялар өз еркімен төлесе, 30 пайызы бойынша осы жұмысқа тартылған жеке сот орындаушылары жұмыс істеуде.
«Алматыда жыл басынан бері 378 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олардың ішінде су, жылу, газ, электр және кәріз желілері бар. Қазіргі таңда солардың ішінде 138 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталды. 183 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталуға таяу. 45 нысанның жұмысы келесі жылға қалдырылды. Өйткені, олар жолдарда емес, тұрғын үйлердің ауласында орналасқан. Өкінішке қарай, 12 нысан бойынша жұмыс дер кезінде аяқталмады. Солардың ішінде 10 нысанның жұмысы әр түрлі себептермен уақытша тоқтатылды. Бірақ, үстіміздегі жылдың 20 қазанына дейін қалада тіршілікпен қамтамасыз ету желілеріндегі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталуы тиіс», - деді өз сөзінде Б. Мұхтаров.
Сонымен қатар ол 20 қазанға дейін жұмысты бітіре алмаған мердігерлік компаниялардың лицензиялары алынуы мүмкін екендігін жеткізді.
«20 қазанда біз бұл нысандарды тағы да аралап, істелінген жұмыстардың сапасын және нысандардың дайындығын тексеріп шығамыз. Осы мерзім ішінде жұмысты тапсыра алмаған компанияларға қатысты шара қолданамыз. Яғни, олар лицензияларынан айырылуы ықтимал. Ал осы жұмыстар бойынша оларға тапсырыс беруші мемлекеттік органдар сотқа жүгіне алады. Соттың шешімен мердігерлік ұйымдар бұдан кейін мемлекеттік сатып алулар шарасына қатыса алмауы әбден мүмкін», - деді Б. Мұхтаров.
Айта кетелік, тіршілікпен қамтамасыз ету желілері бойынша техникалық қадағалау жұмыстарымен айналысқан төрт мекеменің аттестаты алты айға тоқтатылды. Тағы бір техникалық қадағалау мекемесінің аттестатын тоқтату бойынша сотқа материалдар жіберілді.