Алматыда жыл басынан бері шетелдік азаматтар тарапынан 313 қылмыс жасалған
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері шетелдік азаматтар тарапынан 313 қылмыс жасалды. Бұл туралы Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Шет елдерден келетін қонақтардың барлығы бірдей көші-қон заңының талаптарын орындай бермейді. Биылғы жылдың басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғандары үшін 20 327 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 995 адам елден аластатылды. Сондай-ақ, 210 жұмыс беруші және ағымдағы заңнаманың бұзылуына жол бергендері үшін Қазақстанның 11 870 азаматы әкімшілік тәртіпте жазаға тартылды. Оларға жалпы сомасы 96 миллион 885 мың 912 теңге айыппұл салынды», - деді Алматы қалалық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Бүтіншінов.
Алматыда биылғы жылдың басынан күні бүгінге дейін шет елдік азаматтар тарапынан 313 қылмыс жасалды. Олардың ішінде 120 қылмыс - бөгденің мүлкін ұрлау, 13 - ұсақ ұрлық-қарлық, 26 - алаяқтық, 9 - адам денсаулығына ауыр нұқсан келтіру, 20 - тонаушылық, 17 - бұзақылық, 1 - бөгденің көлік құралын заңсыз иемдену, 6 - кісі өлтіру, 6 - зорлау, 72 - соттың елден аластату жөніндегі шешімін орындамау және 6 қылмыстық оқиға - ақша бопсалау бойынша тіркелді.
«Алматы республиканың ең ірі мәдени және қаржы-экономикалық орталығы болып саналғандықтан, миграциялық ағым өзекті мәселеге айналды. Алматы қалалық ІІД Көші-қон полициясының бөлімшелері өткен кезеңде басқа да мемлкеттік органдармен бірлесе отырып, елге шетелдік азаматтардың келу барысын бақылау бойынша кешенді шаралар қолданды. Мысалы, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және шетелдік азаматтардың елге келуін бақылау мақсатында «Құқықтық тәртіп», «Мигрант», «Заңсыз келуші» және басқа да жедел-алдын алу шараларын жүзеге асырды», - деді полиция полковнигі.
Айта кетелік, Алматы қалалық ІІД дерегі бойынша, Алматыға 2016 жылдың басынан күні бүгінге дейін 166 мың 729 шетелдік азамат келген. Басым бөлігінің елге келудегі мақсаты - жеке басының мәселесін шешу.