Алматыда жыл басынан бері жол белгілерінің талаптары 9 мыңнан астам рет бұзылған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері жол белгілері мен таңбаларының талаптары 9 мыңнан астам рет бұзылған. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Алматыда жыл басынан бері жол белгілерінің талаптары 9 мыңнан астам рет бұзылған

Сонымен қатар, Алматы қаласында жол-патрульдік полиция мен мамандандырылған батальон экипаждары жол қозғалысы ережесінің 55 мың 777 рет бұзылғандығын анықтады.

«Жол белгілері мен таңбаларының талаптарын сақтамау. Бұл құқық бұзушылық әрекет ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 601- бабымен реттеледі. Бір қарағанға бұлар елеусіз ереже бұзушылық болып көрінуі мүмкін. Бірақ, көп жағдайда дәл осындай әрекеттер әр түрлі жол-көлік оқиғаларына және жүргізушілер тәртібінің төмендеуіне әкеп соғады. Заңға бағынушылық және жол қозғалысы ережесін сақтау - әрбір азаматтың міндеті. Егер оған қауіпті құрал - автокөлікті басқару сеніп тапсырылса, онда жауапкершілік те арта түседі», - деді өз сөзінде Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов.

Сонымен қатар ол Алматыда жыл басынан бері жол қозғалысы ережесінің бұзылуына қатысты статистикалық мәліметтерді келтірді.

- Көлік құралын мас күйде басқару - 2 мың 303 рет болған.

- Көлік құралын мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз басқару - 2 мың 115 рет.

- Көлік құралын қауіпсіздік белбеуін тақпай айдау - 5 мың 756 рет.

- Көлік айдап келе жатып, ұялы телефонмен сөйлесу - 3 мың 899 рет.

- Басып озу, орағыту, маневр жасау және қатарлас қозғалу ережелерін бұзу - 5 мың 260 рет.

- Көлік құралын құжатсыз басқару - 2 мың 338 рет.

- Көлік жүретін жолды ластау - 4 мың 700 рет.