Алматыда жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 4 319 жүргінші әкімшілік жауапқа тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 4 319 жаяу жүргінші әкімшілік жауапқа тартылды.

Алматыда жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 4 319 жүргінші әкімшілік жауапқа тартылды

Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Алматы қаласының жол-патрульдік полициясы өткен тәуліктің ішінде жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 21 адамға қатысты әкімшілік іс қозғады.

«Жаяу жүргіншілер жол қозғалысы ережесін мұқият сақтаулары тиіс. Өкінішке қарай, жолды кез келген жерінен қиып өту барысында абайсызда көлік доңғалағының астына түсіп жатады. Сондықтан, жаяу жүргіншілер арасында жол қозғалысы ережесін бұзу фактілерін анықтау мақсатында алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізіп тұрамыз. Бұл шаралар жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға септігін тигізері анық. Бұл бағыттағы жұмыстар «Қауіпсіз жол» және «Жаяу жүргінші» жедел- алдын алу шаралары барысында да жүзеге асырылады», - деді Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов.

Ішкі істер департаментінде сонымен қатар, жүргізушілерге үлкен жауапкершілік жүктелетіндігі атап өтілді. Олар жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін жиі бұзады.

Жыл басынан бері Алматыда 354 автокөлік жүргізушісі жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелінде ереже бойынша жүргіншілерге басымдық бермегендері үшін әкімшілік жауапқа тартылды.