Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы көпір қашан пайлануға беріледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзені арқылы өтетін көпірді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы көпір қашан пайлануға беріледі

Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевтың айтуынша, көпірде қайта жөндеу жұмыстарын бастамас бұрын 2022 жылы арнайы зерттеу жүргізілген.
«Зерттеулер көпір құрылымының апатты жағдайда екенін көрсетті. Мұндағы тіректердің қисаюы шамамен 15 см құрайды, соған байланысты оқу маусымы аяқталған соң көпірді қайта жөндеу жұмыстары басталды, 1 қыркүйекке дейін жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді ол.
Көпір құрылымын қайта құру үш кезеңде жүзеге асырылады, көпірде барлығы 96 тірек бар, бүгінде 27-сі ауыстырылды.
«Аптаның соңында тіректерді орнату жұмыстары жүргізілген учаскеде көлік қозғалысын ашамыз. Бүгінгі таңда асфальтбетон жабындысын гидрооқшаулау және төсеу үшін тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Апта соңында көпір құрылымының осы бөлігінде көлік қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз, содан кейін көпірдің ортасы жабылып, екі жақтан қозғалыс екі жолақпен ұйымдастырылады», - деп түсіндірді спикер.
Сонымен қатар, бұл нысанда жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті өткелінің құрылысы қарастырылған.
«Бұған дейін бұл учаскеде жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі болмаған, адамдар көліктерге арналған көпір арқылы жолды кесіп өтетін. Бұл жаяу жүргіншілер үшін үлкен қауіп төндірді, өйткені әл-Фараби даңғылының бойындағы жылдамдық сағатына 80 шақырым. Көпірді қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін жаяу жүргіншілер бөлек жүретін болады», - деп қосты Сағындық Телібаев.
Басқарма басшысы Есентай өзені арқылы өтетін автомобиль көпірі екі бағытта 8 жолақтыға дейін кеңейтілетінін айтты - әрқайсысы төрт жолақты болады. Бұрын көпір үш жолақты еді.
«Бұл көлік қозғалысын жақсарту үшін жасалды, өйткені бұл көпірде таңғы және кешкі уақытта кептеліс пайда болады. Көпір құрылымының ұзындығы 43 метр, ені 33 метр», - деді ол.
Бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесуінде әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзені арқылы өтетін көпірдің кеңейтілетінін мәлімдеген болатын. Одан кейін мұнда екі жағынан жаяу жүргіншілер көпірлері мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған пандустар салынатынын хабарлады.
6 маусымнан бастап Есентай өзені арқылы өтетін көпірде көлік қозғалысы шектелді.
Жақында Ерболат Досаев әл-Фараби даңғылының бойындағы Есентай өзені арқылы өтетін көпірді кеңейту жұмыстары неліктен түнгі уақытта жүргізілмейтінін түсіндірді.
Оның айтуынша, бұл жұмыс сапасына әсер етуі мүмкін.