Алматыдағы Алмалы ауданының әкімі ардагерлерге Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді
Әкім ҰОС ардагерлері Лев Демьяненко мен Олжабай Темірхановтың үйіне барып, қариялардың қал-жағдайын біліп, оларға Прзиденттің құттықтау хатын жеткізіп, сый-сияпатын табыстады.
Серік Құсайыновтың айтуынша, қазір ауданда 177 ардагер өмір сүріп жатыр. Олардың ішінде ерен ерлігімен көзге түскен мемлекет қайраткерлері де бар.
Олардың бірі - Ұлы Отан соғысының ардагері, Беларусь майданында қан кешкен Олжабай Темірханов. Олжабай қарт Брест қамалын, Варшава, Берлинді азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін 1948 жылдан бастап Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының көмекшісі лауазымын атқарған.
Лев Демьяненко Воронеж майданында соғысқан. Беларусь, Брестті азат етуге қатысқан. 1970 жылы Қазақ КСР сауда министрінің орынбасары қызметіне тағайындалған. Ол қызметте болған 18 жыл ішінде қалада 5 заманауи наубайхана салынып, 10 ірі әмбебап дүкен, өзге де азық-түлік пен сауда нысандары бой көтерді.
«Сіздердің көрсеткен ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмай, келер ұрпаққа өнеге болып қала бермек», - деді әкім Серік Құсайынов.