12:02, 21 Қыркүйек 2021 | GMT +5
Алматыдағы атыста қаза тапқан бесінші адамның кім екені белгілі болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алатау ауданының тұрғыны аңшы мылтығымен атып өлтірген бесінші адамның кім екені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов атыс кезінде қайтыс болған бесінші адам туралы айтты.
«Бесінші адам - үйді сатып алған кісінің досы. Ол куәгер ретінде бірге келген», - деді Қанат Таймерденов арнайы брифингте.Бұған дейін департамент басшысы, аталған дерек бойынша екі қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлім еткен еді.
Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев олардың отбасына тиісті көмек көрсетілетіні туралы айтқан болатын.
Кейінірек Жеке сот орындаушыларының палатасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Айта кетейік, осыған дейін Алматыда атыс болып, 5 адамның қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.
Аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Кінәлі адам 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.