Алматыдағы атыстың соңғы құрбаны Отарға жерленеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Атыстың соңғы құрбаны Жалғас Келдібаев Жамбыл облысы Отар кентіне жерленеді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Алматы қ. ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек мәлімдеді.

Алматыдағы атыстың соңғы құрбаны Отарға жерленеді

Оның айтуынша, марқұмды ертең таңғы 10-да жерлейді. Жалғас Келдібаевтың мәйітін  Жамбыл облысына алып кетті.

Еске салсақ, 12-ші ауруханада жатқан соңғы полицейдің қаза болғаны жайлы бүгін таңертең белгілі болды.

Полиция сержанты Жалғас  Аманбайұлы Келдібаев 1992 жылы 1 қыркүйекте дүниеге келді.  Алматы қ. ІІД жол-патрульдік полиция полкінің полицейі. Ішкі істер органдарында 2014 жылдан бастап қызмет етті, үйленбеген.

Алматы қаласы ІІД басшылығы, Ардагерлер кеңесі, жеке құрамы Жалғас Келдібаевтың қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасы мен туыстарына көңіл айтады.

Еске салсақ, 27 жастағы Руслан Күлекбаев 2016 жылғы 18 шілдеде Алматы қаласының аудандық ІІБ біріне және ҰҚКД ғимаратына шабуыл жасады. Салдарынан бес адам - үш полицей, шекарашы және зейнеткер қаза тауып, сегіз адам жарақат алған. Кейіннен ауруханада ауыр жараланған үш полицей көз жұмды.

Күлекбаевқа қатысты бірнеше бап бойынша сот алды тергеу жалғасуда.