Алматыдағы Иран ядролық бағдарламасы бойынша «алтылықтың» келіссөздерінен хабар таратуға 150-ден астам отандық және шетелдік БАҚ өкілдері тіркелді - А.Әбибуллаев

АСТАНА 18 ақпан. ҚазАқпарат - Алматыдағы Иран ядролық бағдарламасы бойынша «алтылықтың» келіссөздерінен хабар таратуға қазіргі кезде 150-ден астам отандық және шетелдік БАҚ өкілдері тіркелді.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

26 ақпанда Алматы қаласында Иран ядролық бағдарламасы төңірегінде келіссөздер өтетіні мәлім. Ол келіссөздерге Иран Ислам Республикасы, Германия, Ресей, Қытай, АҚШ, Франция, Ұлыбритания өкілдері қатысады.

«Жалпы, Қазақстан Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздерге қатысушы ел қатарына жатпайды. Мүдделі тараптар елімізде аталмыш келіссөздерді өткізу жөнінде ортақ шешім қабылдаған болатын. Осыған орай қабылдаушы тарап ретінде Қазақстан бұл келіссөздердің табысты өтуіне барынша күш-жігерін жұмсайды», - деді ресми өкіл.

Оның сөзіне қарағанда, шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарына арналған Интерконтиненталь Алматы қонақ үйінде баспасөз конференциясы залы мен баспасөз орталығы ашылады. Ал келіссөздердің өзі басқа ғимаратта өтеді.

«Қазіргі таңда ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі желісі бойынша қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдерін тіркеу жұмысы жүргізілуде. Бүгінде 150-ден астам отандық және шетелдік БАҚ өкілдері тіркеуден өтті. Тіркеу шаралары 22 ақпанға дейін жалғасады», - деді А. Әбибуллаев.

Соңғы жаңалықтар