Алматыдағы көлік кептелісінен құтылудың қандай жолдары бар? - маман пікірі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бүгінгі таңда әрбір 1000 адамға 300 автокөліктен келеді екен. 2010 жылы бұл көрсеткіш 180 болған. Қазір оңтүстік астананың экологиясы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Тұрғындар көлік кептелісінен зардап шегуде. Ал автокөліктер барған сайын көбейіп барады. Не істеу керек? Таяуда Алматы қаласында өткен «Экологиялық форум» барысында осы мәселе тағы да көтерілген еді. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі, аталмыш форумға қатысқан техника ғылымдарының докторы, профессор Шамсигүл Көбдікованы әңгімеге тартқан болатын.
None
None

- Шәмсигүл Мәдениетқызы, Сіз Қазақстанда магистралды көшелерде жол қозғалысы қаупсіздігін қамтамасыз етуге байланысты тұңғыш рет докторлық диссертация қорғаған ғалымсыз. Осы еңбегіңізде келтірген ұсыныстарыңызды тиісті органдар басшылыққа алды ма?

- Біріншіден, қазір жағдай басқаша. Мен, 2010 жылы докторлық диссертациямды қорғаған кездегі жағдай мүлдем басқаша болатын. Сөз жоқ, Алматы қаласының әкімдігі, Жол полициясы басқармасы жол қозғалысын реттеуге, қала экологиясын жақсартуға барынша күш салып келеді. Диссертациямда айтылған тұжырымдар, ұсыныстар басшылыққа алынып, орындалып та жатыр. Бірақ, әлі атқарылар шаруалар шаш етектен.

Алматы қаласының жер рельефі ерекше ғой. Қаланың оңтүстік жағы, тау бөктеріне қарай биіктей түсетін болса, солтүстік жағына қарай керісінше еңістей береді. Соның салдарынан автокөліктер екі жаққа екі түрлі жылдамдықпен жүреді. Міне, сол үшін бірінші кезекте Координациялық басқаруды, яғни «Жасыл толқын» жүйесін қаланың орналасу ерекшелігіне қарай бейімдей отырып, ретке келтіру қажет. «Жасыл толқын» - дегеніміз не? Ол бағдаршамдардың жасыл шамын үйлесімді қосу арқылы, автокөліктердің тоқтаусыз жүріп отыруын қамтамасыз ету. Сонда көлік кептелісі де азаяды, экология да жақсара түседі.

- Бүгінде Алматыда қанша көлік тіркелгені белгілі ғой. Бірақ қалаға күн сайын сырттан келетін автокөліктердің саны қанша? Осыны білуге бола ма?

- Алматы - Қазақстан бойынша ең үлкен мегаполис. Күніне оңтүстік астанаға таңғы сағат 8:30-дан 10:30-ға дейін-ақ 200 000-нан астам автокөлік келіп кіреді. Олардың 25% - Алматы-Бішкек бағытынан, яғни Алтын Орда базары жақтан келеді. Ал жалпы, тәулігіне бұл көрсеткіш - 300 мыңнан асады. Қаланың өзінде тіркелген көліктердің саны қазір 600 мыңға жуықтады. Міне, есебіне бара беріңіз. Осының салдарынан, көліктердің жүру жылдамдығы азайып, кептелістер орын алады. Бұлар болмас үшін, жоғарыдағы «Жасыл толқын» жүйесін жетілдіру керек. Егер қала ішінде жеке автокөліктің жүру жылдамдығы сағатына 10 шақырымға артатын болса, қозғалтқыштан шығатын зиянды қалдықтар 2%-ға азаяды. Мұның өзі экологияның жақсаруына елеулі септігін тигізеді.

- «Көшелерде жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктерге жеке жолақ берілуі керек» деген ұсынысқа қалай қарайсыз? Жалпы жолаушы тасымалын реттеу үшін тағы не істеу керек?

- Кезінде Кеңес заманында Алматы қаласының негізгі көшелерінде сары түсті жылдам автобустар жүретін. Олар әрбір үшінші-төртінші аялдамдаға тоқтайтын. Олардан кейін әрбір екінші аялдамаға тоқтайтын автобустар жүретін. Ал ең соңынан әр аялдамаға тоқтап жүретін троллейбустар, трамвайлар және басқа да кішігірім автобустар болды. Міне, осы жүйені қайта енгізу қажет. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты, қоғамдық көліктерге бөлек жолақ берілгені дұрыс. Ол жолақпен басқа автокөліктердің жүруіне тыйым салу керек. Сонда адамдар аялдамада немесе көлік кептелісінде ұзақ уақыт тұрмайтын болады.

- Кезінде қалада бағдаршамдары жоқ жол қиылыстары көп болды. Солардың көбісіне бертін келе бағдаршамдар орнатылды. Бірақ мұның көлік кептелісін азайтуға әсері шамалы секілді. Өйткені таңертеңгілік және кешкілік уақыттарда негізгі көшелерге басымдық көп беріледі. Жасыл шам ұзақ жанады. Есесіне, екінші дәрежелі көшелерде ұз ы н-сонар көлік кептелісі пайда болды...

- Бұл жерде Алматы қаласының жол қиылыстарындағы бағдаршамдарды азайтып, керісінше жол айрықтарын барынша көбейткен жөн. Сондай-ақ жеңіл рельсті көліктерді жол айрықтарының үстіңгі қабатына шығармаса болмайды. Ал көшелердің өздерін мүмкіндігінше кең, магистралды сипатта жасау керек. Сонда көлік кептелістері азая түседі. Өйткені экологияға көлік кептелістерінен келіп жатқан зиян орасан зор. Мысалы, автокөліктерден шығатын зиянды газдар, қозғалтқыштар бос жұмыс істеп тұрған сәтте, яғни көлік кептелістерінде 30% артып кетеді.

- Алматы қаласында жол-көлік оқиғалары үйреншікті көрініске айналды. Мұның өзі көлік кептелісінің туындауына себеп болып жатады. Не істеу керек? Осы жөнінде пікіріңізді білдірсеңіз...

- Иә, Алматы қаласында күн сайын ондаған жол-көлік оқиғалары орын алады. Егер таңертеңгілік немесе кешкілік уақытта болса, тіпті қиын. Ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болады. Жол-көлік оқиғаларына кінәлі көп жағдайда жас азаматтар екенін байқайсыз. Олар жылдам айдайды, бір-біріне жол бергілері келмейді. Соның салдарынан осындай оқиғалар орын алады. Осындай жағымсыз жәйттерді азайту үшін, жүргізуші куәлігін 21 жастан бастап беру керек деп санаймын. Сонымен қатар, жүргізуші куәлігін алушылар арасында шынайы түрде тестілер қабылдап, жолда жүру мәдениетіне қатысты тренингтер өткізу қажет. Бұл да болса, жол қозғалысының жақсаруына оң әсер етеді деп ойлаймын.

- Жаяу жүргіншілердің жол қозғалысына әсер і бар ма?

- Болғанда қандай! Қалада жаяу жүргіншілерге арналған өткелдерді мүмкіндігінше жолдың астына немесе үстіне шығару керек. Өйткені жолда келе жатқан автокөліктер бір адам үшін тоқтауға мәжбүр болады. Мұның өзі жол қозғалысын тежейді.

- Әңгімеміздің басында айтып өткенімдей, Сіз жол қозғалысы саласында тұңғыш докторлық диссертация қорғаған ғалымсыз. Осы бір күрделі салаға қалай келдіңіз?

- Менің, қазір Астана қаласына көшкеніме бірнеше айдың жүзі болды. Теориядан нақты практикалық жұмыстарға көшкен жайым бар. Астана қаласының жолдарын салу және реттеу саласында еңбек етіп келемін.

Мен өзім теміржолшылар отбасында дүниеге келдім. Әкем -теміржолшы. Анам - ветеринар. Өз қалауыммен М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына түстім. 24 жасымда Қазақстан бойынша тұңғыш рет темір жолдар үстімен өтетін өткелдер бойынша диссертация қорғадым. 2006 жылы докторантураға түстім. Өзім көлікке отырып қала көшелерін аралап, зерттеулер жасадым. Жолдағы жағдайларды ой елегінен өткіздім. Бір жылдан кейін ұстазым Нұрхан Исаұлының арқасында Алматы қаласы ІІД жол полициясы басқармасының бастығы Бақтыгелді Айхымбековпен танысып, сол кісінің кеңесшісі болдым. Докторлық диссертациямды жазуға ол кісінің көрсеткен көмегі зор болды. Диссертациялық еңбегімді 2006-2009 жылдары жазып, 2010 жылы ойдағыдай қорғап шықтым.

- Әңгімеңізге көп-көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар