Алматыдағы өрт: көпқабатты үйдің терезесінен секірген тұрғын ауруханадан шықты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Ақкент» ықшамауданындағы өрт кезінде терезеден секіріп дене жарақатын алған 35 жастағы науқас бүгін амбулаторлық ем қабылдауға ауруханадан шығарылды. Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«1 тамызда №7 қалалық клиникалық аурухананың жедел жәрдем бөліміне 1988 жылы туған науқас ауыр халде жеткізілді. Клиникалық және зертханалық тексеруден кейін дереу жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер оған катажарақат, көптеген сынық, ысқа улану диагнозын қойды. Реанимация бөлімінде шокқа қарсы шаралар», - деп хабарлады Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
3 тамызда жағдайы тұрақталып, полижарақаттану бөліміне ауыстырылды, онда симптоматикалық терапия жалғасты. Тиісті мамандардың қатысуымен екі рет консилиум өткізілді. Бүгін науқас амбулаторлық емге шығарылды, жағдайы қанағаттанарлық.
№7 қалалық клиникалық ауруханада өрттен зардап шеккен тағы бір адам ем қабылдап жатыр.
«2004 жылы туған екінші науқас та ауыр халде жеткізілген болатын. Оған бас сүйегінің резекциялық трепанациясы операциясы жасалды. Ол екі күн жансақтау бөлімінде жатып, содан кейін нейрохирургия бөліміне ауыстырылды. Жағдайы тұрақты. Нейрохирургиялық бөлімше жағдайында ем алып жатыр», - деп толықтырды ведомстводан.
Еске сала кетейік, 1 тамыз күні 16 қабатты үйде өрт тұтанғанын хабарлаған едік.
Қызыл жалын сағат сол күні 18:46 кезінде оқшауланып, сөндірілді.
31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілген болатын.
Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырды.
Зардап шеккендердің ішінде 2 жүкті әйел бар.
Кейін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бір адамның қаза тапқанын хабарлады
Өрттен зардап шеккен тұрғындар тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді.
Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматыдағы «Ақкент» ықшам ауданында болған өрт кезінде адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азамат марапатталды.