Алматыдағы ПИК жетекшілері МИБ қызметіне кедергі келтіріп отыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазіргі таңда Алматыда 8 879 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның шамамен 3 908-ін қамтитын 770 МИБ тіркеліп, 2 843 қарапайым серіктестік (ҚС) таңдалды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына қалалық әкімдіктің берген жауабында айтылды.
None
None

Әлеуметтік желіде адамдар пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) барлық басшылары мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) қызметіне кедергі келтіріп, тиісті құжаттарды бермей отыр деп шағымдануда . Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісі Алматы қаласы әкімдігіне ресми сауал жолдаған еді.

«Пәтер иелері кооперативінен (ПИК) мүлік иелері бірлестігіне (МИБ) өту қағидасы бойынша жұмыс істеп тұрған басқару органы хабарлама алған соң, үш жұмыс күні ішінде үй бойынша барлық материалдарды беруге міндетті. Егер оларды өз еркімен беруден бас тартса, тұрғындар сот органдарына шағым түсіре алады. Себебі, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, тұрғын үй құқықтық қатынастарынан туындайтын дауларды сот шешеді», - деп жауап берді Алматы қаласының әкімдігі.

Еске салайық, пәтер иелері МИБ құру жөніндегі мәселелер бойынша Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығынан тегін кеңес ала алады. Сондай-ақ, бұған дейін алматылықтар ПИK-тен МИБ-ке ауысудың қиындығына шағымданған болатын.


Соңғы жаңалықтар