Алматыдағы республикалық конференцияда Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметі талқыланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Мұстафа Шоқай: тұлға және қайраткер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өткен ауқымды шараға тарихшы ғалымдар, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының тарихшы мамандары қатысты.
None
None

Өз баяндамасында Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Есмағамбетов Мұстафа Шоқайдың 1919 жылдан бастап-ақ Түркістан автономиясын құру идеясынан бас тарта бастағындығын айтты.

«Мұстафа Шоқай 1919 жылы Версаль конгресіне жіберген жеделхатында батыс мемлекеттеріне Орталық Азия аймағына әскер кіргізуін сұрайды. Ал біздің кейбір ғалымдар: «оккупация жасап алыңдар» деп айтты дейді. Бұл өтірік. Ал Мұстафа Шоқай өз сөзінде: «Біздер ұлттық мемлекет құрып, аяғымыздан тұрып кеткенше көмектесіңіздер», деген. Ол осы кезден бастап, Кеңес одағынан бөлініп, жеке мемлекет құру идеясын жақтай бастайды. 1923 жылы 15 мамырда француз тілінде шығатын «Orient et Occident» («Шығыс және Батыс») журналына жазған мақаласында: ол: «Автономия құру «жас шағымызда» айтылған идея еді. Біз енді дербес, ұлттық мемлекет құру үшін күресеміз» деген», - деді К.Есмағамбетов.

Сонымен қатар ол Мұстафа Шоқайдың түркішілдігі сол кездегі басқа зиялылардың идеясынан өзгеше болғандығын жеткізді.

«Оның арманы Түркістан федерациясын құру болды. Бұл федерацияның құрамына қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен және тәжік ұлттары енді. Оның түркі халықтарының біртұтастығы жөніндегі иедясының ерекшелігін кейбір ғалымдар түсіне бермейді. Мұстафа Шоқайдың түркішілдігі - мәдени сипаттағы түркішілдік. Ол өз еңбектерінде Анадолыдан Алтайға дейінгі аралықта алып түркі империясын құру мүмкін еместігін, сондықтан түркішілдік иедясын тек Түркістан аумағында ғана жүзеге асыруға болатындығын айтты. Бірақ ол түркі халықтарының бірлігін олардың ұлттық қозғалысына қарсы қоймау керектігін ескертеді. Дегенмен, тәуелсіздік алуға құштар түркі халықтарын біріктіріп, тәуелсіздік алғанша біртұтас майдан құру керектігін алға тартты», - деді К.Есмағамбетов.

Конференцияға қатысушылар М.Шоқай және басқа да тарихи тұлғалардың өмірбаяндары мен қызметтерін зерттеу арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу және «Қазақстан-2050» стратегиясында Елбасы қойған мақсаттарды орындау қажет деген тұжырымға келді.

Соңғы жаңалықтар