Алматыдағы Sulpak дүкені маңында ағаш көшеттері отырғызылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесу барысында Алмалы ауданының тұрғындары Sulpak тұрмыстық техника дүкені маңындағы қурап қалған көшет мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алдыңғы кездесуде Sulpak ғимаратының жанында егілген көшеттер мәселесі көтерілген еді. Менің тапсырмам бойынша соңғы екі жылда ауданда отырғызылған 3 мың көшетке тексеру жұмыстары жүргізілді, осы күзде қызмет көрсететін ұйымдардың қаражат есебінен 90 түп көшет отырғызылады»,- деді қала әкімі.
Оның айтуынша, Алмалы ауданында 223 мың ағаш бар, оның 25%–ы апатты жағдайда. Жыл басынан бері 6,6 мыңнан астам ағашқа санитарлық кесу жүргізілген және 250 апатты ағаш оталды. Оның орнына күзде 2,5 мың көшет отырғызылады.
«Қала аулаларында 5 мың апатты ағаштарды кесу жоспарға енген, олардың 800–і Алмалы ауданында»,- деді Ерболат Досаев.
Еске салайық, 2020 жылдың қараша айында Sulpak Алматыда сауда үйінің жанындағы жайқалған емен мен қарағаш оталды. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде наразылық білдірді. Кейін Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы сауда үйінің алдындағы ағаштардың жаппай кесілуінің мән-жайын анықтады. Президент Алматыда ағаштарды кескен кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Былтыр Sulpak дүкені алдындағы ағаштардың оталуына қатысты іс сотқа берілді. Сот аталған іс бойынша кінәлі адамға 4 миллион теңгеден астам айыппұл салды.