Алматыдағы «Жас Отау» неке сарайы жеке инвесторға беріледі

«Біз Неке сарайын сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға береміз. Біз сенімгерлік басқаруға беру туралы құжаттарды әзірлеп, инвесторға байқау жариялаймыз, ал кәсіпорынның өзі жекешелендіру жоспары аясында жыл соңына дейін жойылады», - деп хабарлады қалалық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Құдайбергенова Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын» іске асыру барысын насихаттауға арналған брифинг барысында.
Құдайбергенованың айтуынша, ашық байқау барысында анықталған инвестор нысанды қайта қалпына келтіруі тиіс. Ол үшін инвестор қалпына келтіру жобасын сызып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Жекешелендіру жөніндегі комиссияға көрсетеді. Инвестор стратегиялық және тарихи-мәдени мұра ескерткіші болған нысанның архитектуралық келбетін сақтауға міндетті. «Біз инвестордың сарайға қаржы салып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, басқаруды қолға алғанын қалаймыз. Біз сараптама жүргізіп көрдік, сарай тарифтері өте жоғары. Біз халықтың төмен бағаға сапалы қызмет алғанын қалаймыз. Инвестор даму жобасын құрады, мұның бәрі қалалық кеңесте талқыланатын болады. Сәулетшілер рұқсат еткен соң ғана мақұлданады», - деп атап өтті ол.
Екінші жойылатын нысан ем-диагностикалық орталық. «Бұл кәсіпорынның ғимараты, құралдары және кадрлары бар. Біздегі бір денсаулық сақтау орталығында екі жыл күрделі жөндеу жұмыстары болады, бұл бөлімді ем-диагностикалық орталыққа орналастыруды жөн көрдік. Ал құралдарын емханаларға таратып бердік. Ұжымды да түрлі емханаларға жібердік. Бұл рәсім еш қиындықсыз өтті және кәсіпорын жойылу кезеңінде тұр», - деп хабарлады А.Құдайбергенова.
Сонымен бірге, қаланың 9 емханасын, 1 аурухана және тері-венерологиялық диспансерін сенімгерлік басқаруға өткізу күтілуде. Бұл тізімге «Алматы Жарнама» МКК, «Арнайы салттық қызметтер комбинаты» МКК, Салауатты өмір салтын қалыпатстыру орталығы, «Алматы Тазалық» МКК енді. Одан бөлек, «Тоспа Су», «Бастау» және «Су Желiсi» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары да сенімгерлікке жіберілуі мүмкін.