Алматыдан Ақтөбеге жаңа пойыз шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жүрдек жолаушылар қозғалысы бағдарламасын жүзеге асыру аясында үстіміздегі жылдың 1 тамызынан бастап №49/50 «Алматы-2 - Ақтөбе» бағытындағы «Жібек жолы» жолаушылар пойызын сапарға аттандырады.
Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады. Пойыз құрамы «Тұлпар-Тальго» вагондарынан жасақталады. Баспасөз қызметінің айтуынша, құрам төрт күнде бір рет қатынайды:
Алматы-2 станциясынан 1 тамызда шығып (әрі қарай 05, 09, 13, 17 және т.б.), Ақтөбеге 2 тамыздан бастап (әрі қарай 06, 10, 14, 18 және т.б.) келіп жететін болады.
Өз кезегінде Ақтөбеден 3 тамыздан бастап аттанып (әрі қарай 07, 11, 15, 19 және т.б.), Алматы-2 станциясына 4 тамыздан бастап (әрі қарай 08, 12, 16, 20 және т.б.) келе бастайды.
Пойыз 23 вагоннан тұрады, оның ішінде 2 «Бизнес», 2 «Гранд», 14 «Турист», 1 вагон мейрамхана, 1 вагон-кафетерий.
Құрам Шу, Жамбыл, Шымкент, Арыс-2, Түркістан, Қызылорда, Қазалы, Сексеуіл станцияларына аялдайды. Ақтөбеге дейінгі жол 30 сағат 08 минутты, қайтар жол 29 сағат 51 минутты құрайды.