21:14, 16 Мамыр 2012 | GMT +5
Алматыға Кипрден делегация келеді
АЛМАТЫ. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Алматыға 23-25 мамыр күндері Кипр Республикасынан Инвестиция тарту жөніндегі мемлекеттік агенттіктің вице-президенті мен Сауда-өнеркәсіп палатасы Бас директорының орынбасары бастаған ресми делегациясы келеді.

Оның құрамында Hellenic Bank, Deloitte Cyprus және тағы басқа да жетекші Кипр компанияларының басшылары бар. Бұл іс-сапар кезінде «Қазақстан мен Кипр Республикалары арасында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту» деп аталатын бизнес-форум болады. Онда іскерлік ынтымақтастық, халықаралық банктік қызмет, салық айналымы сияқты мәселелер сөз болмақ. Сондай-ақ, Алматы қаласының іскерлік қауымымен түрлі кездесулер де жоспарланып отыр. Оған Кипрдегі Қазақстан елшілігі мен ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйтқы болуда. Бұл екі елдің министрлері арасындағы кездесулер сериясының жалғасы болмақ. Енді тараптар арасында Кипр Президентінің ресми іс-сапарының уақыты да талқыланып жатыр.