Алматыға коронавирусқа қарсы препараттардың жаңа партиясы жеткізілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әуежайына дәрілік препараттар тиелген кезекті борт келіп қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Жүктің жалпы салмағы – 32 тонна, оған «Іңкәр» фармацевтикалық компаниясы қаладағы дәріханалар желісі үшін Үндістаннан тапсырыс берген.

Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, әуежайда ковидке қарсы препараттардың 242 мың орама көлеміндегі партиясы түсірілген.

Жүк кедендік тазалаудан өтіп, қажетті құжаттар рәсімделген соң, компанияның қоймасына жеткізіледі, одан кейін дәріханалар желісіне апарылады.

Компаниядан сондай-ақ арнайы Тұрақтандыру қорына дәрілік заттарды сатып алу механизмі іске асырыла бастағанын хабарлады.


Еске сала кетейік, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін фармкомпанияларды пайызсыз несиелендіру мақсатына 5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат қайтарымды.

Белгілі болғандай, шілде айының басында қаланың кейбір дәріханаларында қызу түсіретін және өзге де препараттардың тапшылығы байқалған. Алайда шұғыл шаралардың арқасында жағдай тұрақтанды. Бұдан басқа, қаланың Тұрақтандыру қорынан covid-ке қарсы стационарларға дәрі-дәрмек жеткізу бойынша жұмыс басталып кетті.

Бұрын хабарланғандай, шілде айының соңына дейін Алматыға covid-ке қарсы препараттардың шамамен 6,5 мың орамасы жеткізіледі.

16 шілденің кешінде қалаға Үндістаннан жалпы салмағы 10 тоннаны құрайтын медикаменттер тиелген ұшақ, ал 17 шілдеде әуежайда 23 тонна дәрі-дәрмекті жеткізген Ресей Федерациясының әуе кемесі келіп қонған.


Соңғы жаңалықтар