Алматылық дәрігерлер жаңа туған нәрестенің бауырынан жарты келі ісікті алып тастады
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мәліметінше, жаңа туған нәрестеге мұндай ота елімізде алғаш рет жасалды.
«Іш қуысының алып ісігі сәби дүниеге келе салысымын анықталған. Ісік бауырдың оң жақ бөлігін түгел алып жатты. Дүниеге келгеніне небәрі үш күн болған бала дереу перзентханадан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілді. Кішкентай науқасқа бес күн бойы консервативтік ем жүргізілді. Іш қуысының ісігі өте үлкен болуына байланысты және ісік ішкі органдарды қысып тастағандықтан сәби жасанды өкпе аппаратында болды. Өйткені, ірі көлемдегі ісік баланың демалуына қиындық туғызды. Аз уақыттың ішінде іштің көлемі 38 см-ден 44 см-ге дейін өсті. Осы жағдайларды ескере отырып, орталық мамандары шұғыл түрде операция жасауға шешім қабылдады»,- деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметі.
Дәрігер Қанат Әшірбайдың айтуынша, нәрестегі бірден екі операция жасалды.
Атап айтар болсақ, Ангиография. Бауырдың оң жақ артериясының рентгенэндоваскулярлы эмболизациясы және Лапаротомия. Холецистэктомия. Оң жақтық гемигепатэктомия. Құрсақ қуысын дренаждау.
«Операцияның күрделілігі – комбинирленгенді болуында. Бұндай ота елімізде бұрын-соңды жасалмаған. Операция 4 сағаттан аса жасалды. Сәтті өтті. Ісіктің салмағы 500 грамм. Біріктірілген операцияның арқасында баладан қан кету мөлшері барынша азайтылды»,- дейді дәрігер.
Айтуынша, кішкентай пациент отадан кейінгі 5-күні реанимация бөлімінен неонатология бөліміне палатаға анасының жанына ауыстырылды.
«Бұл жағдайдың күрделілігі - көлемі үлкен ісіктің жатыр ішінде қарқынды өсуінде және ісіктің өзін алып тастау кезінде қиындықтар тудыруында болды. Сондай-ақ ісікте кавернозды қан тамырлар көптігіне байланысты нәрестеде қанның көп кету қаупін туғызды. Комбинирленген отаның арқасында мүмкін болатын қан кету көлемі барынша азайтылды. Алып ісік баланың ішкі құрылыстарын және өкпе аймағын қысып тастаған. Нәрестеден жалпы салмағы жарты келіден асатын ісік алып тасталынды. Қарқынды терапия жұмысының арқасында қазіргі уақытта нәрестенің жағдайы жақсы. Альтамир есімді кішкентай пациентіміз 12 тәулікте аман-есен үйіне шықты»,- деді емдеуші дәрігері Қанат Әшірбай.