Алматылық кеденшілер БАӘ елінен әкелінген контрабандалық қымбат ұялы телефондарды тәркіледі

Олар кедендік декларацияда фитингтер, бүгілімдер, біріктіргіштер, муфта мен флянец деп көрсетілген тауарлар арасында жасырылған көрінеді, жалпы құны - 8 100 АҚШ долларын құрайды деп жазылған. Жедел ақпарат арқасында бұл жүкті тексеру барысында кеденшілер декларацияда көрсетілмеген «IPhone 3G», «Iphone 4S», «Iphone 5», «Samsung Galaxy», «HTC», «Sony», «BlackBerry», «Nokia» және 60 дана «Samsung Galaxy Note» маркалы планшеттерді анықтады. Аталмыш оқиға бойынша енді тергеу алды жұмыстары жүргізіліп, ҚР Қылмыстық Кодексінің 209 бабы бойынша қылмыстық іс қозғау қарастырылуда.
Кедендік бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы жыл басынан бері 30 қылмыстық іс қозғалған. Оның 24-і экономикалық контрабанда болып табылатын шетел валютасына, зергерлік бұйымдарға, халық тұтынатын тауарларға қатысты болып отыр. Ал тәркіленген тауарлардың құны - 252 миллион 559 мың теңгені құрауда.