Алматылық студенттер балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне көмек көрсетті

АЛМАТЫ. 4 маусым. ҚазАқпарат - Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қыздары «Әрқашан күн сөнбесін!» деп аталатын қайырымдылық акциясының қорытындысын шығарды.
None
None

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі бұл шарада биыл 160 мың теңге қаржы жиналды. Ол Алматыдағы №1 және №2 балалар үйлеріне, Мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік орталығына және Алматы облысындағы Қарақастек балалар үйіне бөлініп берілді. Бұл қаржылай көмекпен бірге балаларға тәттілер мен өзге де сыйлықтар тарту етілді. Былтыр олар №1 балалар үйіне 50 мың теңге ақша, спорттық құралдар, киімдер мен тәттілер сыйлаған болатын.

Акцияның алғашқы күні студенттер оқу орнына қайырымдылық жәшігін қойып, еріктілер балаларға тілектерін жазған түрлі плакаттар дайындап, қызықты ойындар мен концерттік кеш ұйымдастырды. Екінші күні психолог мамандар студент қыздарға психологиялық семинар-тренинг өткізді. Үшінші күні ұстаздар студент-еріктілермен бірге «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және еңбек» тақырыбында рейд жүргізіп, жастарды уақыттарын бос өткізбеуге үгіттеді. Төртінші күні «Бала еңбегіне жол жоқ!», «Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» деген тақырыпта балалардың бүгінгі мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Бесінші күнгі қайырымдылық акция «Қазақстан балалары спортты таңдайды!» атты спорттық шаралармен ұласты. Алтыншы күні, №2 балалар үйінің тәрбиеленушілері ЖОО-ға қонаққа шақырылды. Балаларға арнайы бағдарлама ұсынылып, сыйлықтар табысталды. Жас жеткіншектер оқу орнының мұражайын және ғимараттарын аралап көріп, өздері дайындап келген концерттік нөмірлерін ұсынды.

Бұл күні Қыздар университеті «Әрқашан күн сөнбесін» акциясына қолдау білдірген жоғары оқу орындары, атап айтқанда Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтымен, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетімен, Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетімен, сонымен қатар Жаркент гуманитарлық техникалық колледжімен, Алматы қаласының «ҚазНұр» гуманитарлық колледж ұжымымен онлайн режимінде байланысқа шықты. Аталған оқу орындарының басшылары қонаққа келген бүлдіршіндерге ізгі тілектерін білдіріп, онлайн режимде балалардың концертін тамашалады.

Соңғы жаңалықтар