Алматылық теміржолшы ана мен баланы құтқарып қалды
Ғалия Сүлейменова жұмыстан үйіне келе жатып, өртке оранған үйді көрген және шырылдаған сәбидің дауысын естіген. Мән-жайды ұғынған инспектор үйдің терезесін шағып, көмекке ұмтылған.
«Өрт үйдің пешінен шыққан екен. Түтіннен ештеңе көрінбейді. Баланы тауып алып, сыртқа шығардым. Артынша оның анасына көмекке ұмтылдым. Қою түтінен баланың анасы есінен танып қалған», - деп еске алды Ғалия Сүлейменова.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, өртенген үйде газ баллоны болған. Оны сыртқа шығару үшін Ғалия Сүлейменова үстіне су құйынып, жалын шарпыған үйге үшінші рет кірген.
Зардап шеккендер ауруханаға түсті. Әйел реанимацияда оңалту бөлімінде жатыр, ал үш жасар сәби сауығып келеді. Ғалияның өзі - екі баланың анасы. 2017 жылдан бері Алматы -1 вокзлаында бақылаушы инспектор болып қызмет етеді. Алматы төтенше жағдайлар жөніндегі және өрт қызметінің өкілдері Ғ. Сүлейменованың аса жедел қызмет атқарғанын жоғары кәсіби ерлік деп бағалады. «Ғалия ерекше ерлік көрсетті. Өзі де батыл қимылдап, анасы мен баласын аман алып қалды, өзі де еш зардап шекпеген»,-дейді «Әскерилендірілген күзет қызметі» АҚ Алматы филиалының бас менеджері Равиль Исмайлов.