Алматылық жазғы кинотеатр көрермендері алдында сүйіктісіне ұсыныс жасады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық жігіт жаздық кинотеатрға жиналған көрермен алдында сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасады.
Ботаникалық бақ ішінде орналасқан кинотеатрға 700-ге жуық адам келген. Алғашқы фильм «Не кусай себе губы» біткен соң Сәкен Жолдасовтың «Он и она» туындысы басталуы керек болатын.
Сол кезде сахнаға Димаш Нұрсейітов шығып өзінің сүйіктісі Әсем туралы айта жөнеледі. Монолог кезінде экраннан Әсем екеуінің суреттері көрсетіледі.
Жастарды қолдауға келген достары шар жіберіп, қошемет білдіре бастады.
Бойжеткен болса, сүйіктісіне тұрмысқа шығуға келісімін берді.
«Кинотеатр ашылған соң ұйымдастырушыларға Димаш келіп өзінің бұйымтайын айтты. Соған қарай жоспар құрдық. Махаббатқа толы атмосфера тудыру үшін романтикалық киноларды қоямыз деп шештік. Димаш үшін қатты алаңдадым. Себебі менің өмірімде бір рет бетім қайтқан», - деді жазғы кинотеатр ұйымдастырушыларының бірі Әнуар Кенжебаев Фейсбуктегі парақшасында.
Айта кету керек, жазғы театр Алматыда 2015 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Әр демалыста мұнда отандық фильмдер тегін көрсетіледі.