Алматылықтар қала күнін қалай тойлады

Мегаполис тұрғындары дәстүр бойынша қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қала күнін атап өтеді. Биыл мереке Абай алаңындағы «Алматы жүрегімде» халықаралық байқауынан басталды.
None

Сондай-ақ Алматының барлық сегіз ауданда концерттер, көрмелер, флешмобтар, фестивальдар ұйымдастырылды. Мерекенің ажарын Тұңғыш Президент саябағында өткен «Alma Fest» фестивалі аша түсті. «ҚазАқпарат» фототілшісі ең жарқын сәттерді суретке түсіріп қайтты.

Тұңғыш Президент саябағы алып алма баққа айналады. Алма жәрмеңкесінде Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарынан шамамен 45 бау-бақша серіктестігі 125 тонна жеміс әкелді. Мұнда алманың 13 түрі көпшілікке ұсынылды. Атап айтсақ, американка, кандиль, Айнұр, Салтанат, Рашида және гала мен апорт секілді сорттары бар. Мерекенің әр қонағы өзіне ұнаған алманың дәмін татып көрді.

Фестивальде қала тұрғындары мен қонақтары жеміс-жидек жеп қана қоймай, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің шығармашылық жұмыстарымен танысып, ұстап көру мүмкіндігіне ие болды.

Сондай-ақ іс-шара кезінде суретке түсуге арналған түрлі орындар ұйымдастырылып, концерт қойылды. Қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды. Ересектер қол күрестіріп, күш сынасты. Оқушылар боз кілемде мықтыны анықтады. Ал балалар болса, тоғызқұмалақтан жарысты.

Бір мезгілде мегаполистің 8 бірдей ауданында және Панфилов пен Жібек жолы көшеcінде «Туған күніңмен, Алматым!» атты фестиваль өтті. Бұл – өткен ғасырдың 1980-90 жылдарындағы мәдениетті еске салатын іс-шара болды. Мереке аясында шаһар тұрғындары ескі Алматының әндерін тыңдап, ашық аспан астында фильм көруге мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, қолөнер жәрмеңкесі, заманауи өнер көрмесі, жергілікті суретшілер мен дизайнерлердің шеберлік сыныптары өтті.

Абай алаңында қала әкімі Ерболат Досаев алматылықтарды құттықтады.

«Алматы – Қазақстан тәуелсіздігінің «Алтын бесігі», еліміздің жаңа тарихы басталған қала деп аталады. Біздің қаламыздың басты құндылығы – сіздер, Алматы тұрғындары. Сіздер қаланы көркейтіп, алуан түрлі және қонақжай етесіз. Осы ерекше күні мегаполистің дамуына үлесін қосқан әр алматылыққа алғыс білдіремін», - деді Ерболат Досаев.

Мереке барысында әлемдегі ең үлкен рубик текшелерінің мозаикасы орнатылды. Мозаика 5040 текшеден жиналды, осылайша Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Әлемдік рекорд ресми түрде рекордтар кітабының өкілі және Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен тіркелді.

Бұрын текшесінен мозаика жинау рекорды Ресейге тиесілі еді. Көрші елде ол 2020 жылы орнатылған. Онда 4800 Рубик текшелері қолданылды.

Мозаиканың авторы Қуаныш Керімқұлов пен Жеңіс Айтжанов. Иллюзионист Жеңіс Айтжанов Гиннестің рекордтар кітабына бесінші рет енген. Ол өткен 4 рекордты жылдамдық трюктерін орындау арқылы жаңартты.

Астана алаңында «Сағындым Алматымды», Абай алаңында «Алматы жұлдыздары» музыкалық фестивалі өтті.

Қала күнінде ұйымдастырылған кештің басым бөлігі алып шаһардың тарихын зерделеуге бағытталды.


Соңғы жаңалықтар