Алматының 2012 жылғы бюджеті 301 млрд. 806 млн. 928 мың теңге көлемінде бекітілді

Онда қаралған басты мәселе - қаланың 2012 жылға арналған бюджетін бекіту болды.
Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Сардар Қабдолов хабардар еткендей, бюджетті жасау барысында әлеуметтік мәселені толық қамту көзделді, яғни білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту бірінші кезекте тұрды. Мысалы, 2012 жылы білім беру саласын дамытуға 70 млрд. 217 млн. 604 мың теңге; денсаулық сақтауға - 36 млрд. 878 млн. 664 мың теңге; халықты әлеуметтік қорғауға - 6 млрд. 706 млн. 201 мың теңге қарастырылып отыр.
Жергілікті бюджет есебінен мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріне, оларды күрделі жөндеуден өткізуге, материалдық - техникалық базаларын нығайтуға, сонымен қатар 7 жалпы білім беретін мектеп пен 2 балабақша салуға қаржы бөлінеді, әлеуметтік жобаларға, тұрғын үй-коммуналды шаруашылыққа, көлік инфрақұрылымын, мәдениет пен спортты дамытуға, қоршаған ортаны жақсартуға да қолдау көрсетіледі.
Жалпы, республикалық трансферттерді қоса есептегенде, Алматы қаласының 2012 жылға арналған бюджеті 301 млрд. 806 млн. 928 мың теңге көлемінде бекітілді. Бюджеттік алымдарды шығарып тастағанда, қаланың нақты бюджеті - 255 млрд. 236 млн. 304 мың теңге.
Сессияда қоршаған ортаға қатысты эмиссияға, Алматы қаласында 2012 жылы су көздерін пайдалануға қатысты төлемдер мен басқа да мәселелер қаралды.
Сессия жұмысын қорытындылаған Алматы әкімі Ахметжан Есімов бюджеттің жан- жақты қаралып, талқыланғандығын атап өтті. Қала басшысы сондай-ақ, 2012 жыл ішінде бюджеттің тағы да қаралып, ұлғаюы мүмкін екендігін айтты.
«Біздің қала өмірінде айтулы оқиғалар болып өтті. Қазақстан Республикасының Президенті еліміздегі жалғыз, әрі тұңғыш метрополитенді ашты. Мемлекет басшысы аталған нысанға жоғары баға берді. Тағы бір жаңалық, қайта жарақтаудан өткен, түгелдей дерлік жаңартылған Республика Сарайы да пайдалануға берілді. Осының барлығы сіз бен біздің атқарған жұмыстарымыздың жемісі. Алматы тарихында мұндай үлкен бюджет болған емес, толықтай алғанда қала биылғы жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылайды», - деп қорытты өз сөзін Ахметжан Есімов.
Мерейлі сессия барысында Алматы қаласының басшысы мемлекетіміздің дамуы мен қалыптасуына, егемендігінің нығаюына қосқан үлестері үшін мәслихат депутаттарын «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» атты мерекелік медальдармен марапаттады.