Алматының әл-Фараби даңғылын жөндеу мерзімінен бұрын аяқталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әл-Фараби даңғылының көлік жүретін бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2023 жылы жылы орташа жөндеу жұмыстары аясында әл-Фараби даңғылының ұзындығы 9 шақырымнан асатын Достық даңғылынан Асқаров көшесіне дейінгі бөлігіне орташа жөндеу жоспарланған болатын.

«Шілде айында жұмыстар басталып, оны осы жылдың 31 тамызына дейін аяқтау жоспарланған болатын. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жұмыстар түнімен жүргізілді. Жөндеу барысын жылдамдату мақсатында жұмыс бригадаларының кестесі күшейтіліп, көлік жүретін бөлікті 16 тамыз күні аяқтауға мүмкін болды»,- деп хабарлады әкімдіктен.

Айта кетерлігі, жұмыстар барысында көлік жүретін бөлікпен бірге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар да жөнделеді. Тротуарларды 31 тамызға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Қазіргі таңда даңғыл бойында Есентай өзені арқылы өтетін көпірде жұмыстар жалғасып жатыр. Реконструкция аяқталғаннан кейін көлік жүретін бөлікте полимерлі асфальтбетон жабынының жоғарғы қабаты төселеді. Жол жұмыстарының басталуы туралы қосымша хабарланатын болады»,- деп атап өтті әкімдік өкілдері.

Еске сала кетейік, биыл қалада алғаш рет полимерлі асфальтбетон жабыны қолданылуда. Жол құрылысында полимер қоспасын пайдалану жабын сапасы мен төзімділігін арттырып, битумның шайылып кетуінің алдын алады делінген. Сонымен қатар полимер жол жабынының пайдалану ұзақтығын арттырып, беріктігі мен аязға төзімділігін қамтамасыз етеді. Жалпы, қала әкімдігі биыл 200 шақырымнан асатын 230 көшеде орташа жөндеу жүргізбек. Қала бойынша 3097 шақырым 2746 көше бар. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін биыл 86%-дан 89%-ға, ал 2025 жылға дейін 95% жеткізу көзделген. Аталған мақсатта жыл сайын кемінде 200 км жол жөнделіп отыруы қажет. Осылайша, көрсетілген жұмыс көлемі жол инфрақұрылымын жақсарту жоспарларына сәйкес келеді. Бұған дейін Абай даңғылындағы орташа жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталғаны туралы жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар